29.01.2021, 10:40
Қараулар: 351
Танысы жоқтың «шансы» жоқ па?

Танысы жоқтың «шансы» жоқ па?

Десек те, шындығынан шырай қашқан,

Бұл қоғам алға қадам сынай басқан.

Көкесіне сенгендер талтаңдап жүр,

Қоғамда бір-бірімен сыбайласқан.

Осының барлығына төзіп жүрген,

Жердегі қиянатқа жылайды аспан…

Серік Қалиев

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Естіген құлақ та жазық жоқ. Ара-тұра үлкендердің «Мекемеде танысы  болса керек. Пәленшенің баласы тәп-тәуір жұмысқа кіріп алыпты» деген әңгімесін құлағымыз шалып қалып жатады. «Бармақ басты, көз қысты» деген ұғымның біздің қазаққа үйлесе кеткені өкінішті!.. Бұл біздің қоғамда ашық түрде етек алып жатырған сыбайлас жемқорлықтың бір түрі. Жыл санап осы қылмыстың елімізде үдеп бара жатқаны жасырын емес. «Ешкімнің ала жібін аттамасын» деп өсірген сәбилер келешекте халқына қамқорлықпен емес, жемқорлықпен қараса кімді кінәлаймыз? Тал бесіктен берілер «адалдық , ар-ождан» секілді қасиеттердің жоғалып бара жатқаны көңіліңді қынжылтады. Тәуелсіздік таңы атса да таныс-тамырдың дәурені де  әлі бітер емес. «Біреудің ақ адал несібесін жеме, қиянат болады» деуші еді бұрын…

Алдымен статистиканы сөйлетсек. Халықаралық валюта қорының мәліметі бойынша Қазақстан жемқорлықтың салдарынан жылына 3,8 млрд доллор жоғалтады екен. Мұндай қылмыс көбіне етек алатын орындар – әкімшілік, полиция және қылмыстық атқарушы жүйенің жұмыскерлері. Жемқорлық бойынша еліміз ритингтің көшін бастап тұрған мемлекеттердің бірі. Бұл қылмыстың түрі бір жылда бірнеше рет тіркеледі екен.

Сыбайлас жемқорлық күннен-күнге азайып, таныс-тамырдың дәурені өтіп бара жатыр десек те, біздің мемлекет мұны түбегейлі жоюға әлі де қауқарсыз. Танысың жоқ болса жұмыс табуың қиын, оқуға түсуің де оңайға соқпайды. Елімізде жастар арасында жүргізілген сауалнамада студенттердің 95 пайызы танысың, «ағаң», «көкең» болмаса жұмысқа орналасу қиын деп жауап беріпті. Бұл жауапты біздің қазаққа тән менталитет деп ақтап бере алмаймыз. Себебі, мұндай келеңсіз жағдайлар әлі күнге дейін орын алып отырғаны ақиқат. Бұл алдыңғы қатарлы мемлекеттерде де күрмеуі шешілмеген қиын мәселе. Десе де, жақсы жұмыс орнына орналасу, қалаған оқу орнында оқу үшін барлық мәселені таныс-тамырға тіреп қою қате түсінік. Таныссыз да танылып, табыс тауып жүргендер қаншама?! Қарым-қабілеті мол маманға қай жерден болса да жұмыс табылары анық. Білімі мол студентке қандай ЖОО болсын өз есігін ашары хақ. Біздің мемлекет тауып алған танысынан гөрі, озық ойлы жастарға өте мұқтаж!

Түйін

Болашаққа қадам басқан әрбір кемел мемлекет өз ертеңін өзі ғана жасайды. Жемқорлық жойылмаған мемлекеттің келешегі күңгірт, болашағы бұлыңғыр. Сыбайлас жемқорлық ғасыр дертіне айналмай тұрғанда мемлекет бұл қылмысқа шектеу қоюы тиіс. Қазақстанның әрбір мекемесінде таныс тамырына сүйеніп жұмыс істеп жүрген жандарға халық өз болашағын тапсыра алмайтыны  белгілі.Ендеше ел болып сыбайлас жемқорлықпен күресіп, ұлт болып қарсы тұрайық!

Дилназ ДИДАРҚЫЗЫ, Айдархан ЖОББМ-нің 11-сынып оқушысы, газеттің штаттан тыс жас тілшісі

 

Сымбат Байғанина, Жаңажол ауылдық модельді кітапханасының кітапханашысы:

— Менің ойымша, қазіргі таңда таныс-тамырға сену қате түсінік. Таныс арқылы танылып, жұмысқа кірген күнде де әр сала өз маманынан жауапкершілікті қажет ететіні анық. Өкінішке орай таныс-тамырға сену әлі күнге дейін бар. Десе де ХXI ғасыр-біліктілік пен білімділіктің ғасыры. Кез-келген саланың мамандары да өз мамандығына жетік болуы тиіс. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп кемеңгер ақын Абай айтпақшы, бүгінгі уақыт ақылға сүйенетін дәуір. Өз маңдай теріңмен тапқан ақ адал еңбектің берекесі мен қуанышы мол болады. Сол үшін де таныс-тамырға сенуден аулақ болу керек деп ойлаймын.

 

 

Нәзира Меңдеева, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Педагогика және Психология» факультетінің III курс студенті:

— «Танысы жоқтың шансы жоқ» деп үзілді-кесілді айтуға болмас, дегенмен де бұл біздің қоғамымызда  бүгінге дейін бар дүние. Бұрында болған, қазірде бар, әрине болашақта болмаса екен деп үміттенеміз. Алайда қоғамда қалыптасып кеткен қисынсыз заңдылықтардың оңайлықпен жойылмасы да анық. Менің ойымша, таныс арқылы жұмысқа кіру мықты мамандардың мүмкіндігін шектеу секілді. Әрине, маман  өз ісінің шебері болса, оның жетістікке жетуіне ешнәрсе тосқауыл болмайды. Білікті маманның қай жер де болса да өз-өзін дәлелдей алатынына титтей де күмәніміз жоқ. Ал, таныс арқылы табыс тауып жүргендерге заң шектеу  қоюы керек.