29.01.2021, 10:35
Қараулар: 135
Жігіттер жақсылық жасап жарысуда

Жігіттер жақсылық жасап жарысуда

 «Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» демекші, Жаңақалада жергілікті кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары мал азығынан тапшылық көріп отырған ауылдастарына қамқорлық жасап, тегін шөп пен жем таратуда.

Өткен жылы Батыс Қазақстан облысының біраз жерінде қуаңшылық болып, шөп шықпады. Халық төрт түлік малына қажетті азықты жылдағыдай толық жинап ала алмады. Соның бірі – Жаңақала ауданы. Басын Ресей жерінен алатын Қараөзен мен Сарыөзен суалып, әйгілі Қамыс-Самар көлдері бірінен соң бірі құрғап қалды. Шабындық сұйылды. Әлі келгендер шөпті Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарынан алдырды. Бірақ алыстан алдыруға екінің бірінің қауқары жетпейді ғой. Міне, нәтижесінде қыс ортасы болмай жатып, жем-шөптен тарыққан отбасылардың жанайқайы естіле бастапты.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Осы мәселеге алдымен көңіл аударып, ауыл азаматтарының арасынан үн қосқан – мектеп мұғалімі, Жаңақала аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Руслан Оразалиев болды.

— Қазақ «Қыстың қамын жаз ойла» деген. Бірақ биылғы жазда қыстың қамын ойлау түгілі «байтал түгілі бас қайғы» болып, індеттен қорыққаннан үйден шығудың өзі мұң болды ғой. Оның үстіне «Жұт жеті ағайынды» демекші, қуаңшылық елдің езілген еңсесін езіп жіберді. Біздің Жаңақала — мал шаруашылығымен айналысатын аудан. Халықтың тұрмыс-тіршілігінің, күн көрісінің басты көзі де осы мал шаруашылығы. Алайда, күні бүгін ауыл тұрғындарының мал азығы таусылуға аз-ақ қалды. Тіпті кейбір аулада таусылды деуге де болады. Қолдағы азын-аулақ малымызды өзіміз аман алып қалудың жолын іздемесек, қамын жасамасақ, құр таяққа сүйеніп қалмасымызға кім кепіл?! Бірігетін, бірлесіп әрекет ететін уақыт келді,-дейді Руслан.

Русланның жергілікті кәсіпкерлерге, қолында күші бар шаруа қожалықтарына үндеу жолдаған әлеуметтік желідегі жазбасын бірден қолдаған – Көпжасар ауылындағы «Муса» шаруа қожалығының жетекшісі Тілеген Мусин болды.

«Аталармыз «У ішсең руыңмен», «Өле жегенше бөле же» деген ғой. Інім Ербол екеуміздің атымыздан 120 рулонды жағдайы ең қиын, сату алу мүмкіндігі жоқ отбасыларына тегін бере аламыз. Шөптің кімге берілетінін Руслан өзі анықтасын. Елде шаруашылығы іргелі, ауқатты азаматтар бар ғой. Олар да үн қосады деп сенемін. Тіпті тегін бермесе де, бағасын арзандатып, тайланған шөптің әр данасын орташа 6 мың теңгеден берсе де үлкен көмек болар еді» деп жазды Тілеген Теміржанұлы Русланның бастамасын қолдап.

Осылайша Жаңақала ауданында жақсы істің жарысы басталды. Жергілікті кәсіпкерлер шама-шарқынша қайырымдылық шарасына жұмылды. Руслан Оразалиевтің айтуынша, үш күннің ішінде аудан аумағында 52 отбасына 188 рулондай шөп тегін таратылған.

— Ақылдасып құрылған бірнеше адам әуелі шөп сұраған жандардың тұрмыс-тіршілігімен, мал-жанымен мұқият танысып шықтық. Сөйтіп, ішіндегі ең мұқтаж отбасыларын таңдадық. Олардың ішінде І топ мүгедектері, 8-9 балалы отбасылар бар. «Жақсылық қылсаң бүтін қыл» дегендей, шөпті әрқайсының ауласына өзіміз апарып, түсіріп береміз,-дейді Руслан.

 

Сонымен, қайырымдылық шарасына Тілеген Теміржанұлының «Муса» шаруа қожалығынан басқа, «Нұр Асыл» және «Аминэля» шаруа қожалықтары 10 рулонды мұқтаж адамдарға тегін, 30 рулонды қолжетімді бағамен беріпті. Бақтияр Жазбаев пен Абылай Сағынтаев есімді жомарт жандар басқаратын «Арсен» және «Нұрасыл» қожалықтары Жаңақаладағы мұқтаж жандарға 58 рулон шөп тегін үйлестірген. Бір қуанарлығы, Жаңақала аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Бижан Төремұратов ауылға шөп әкелген тіркемелі тракторлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, арнайы экипаж қосыпты.

— Ел ішінде, әсіресе аудан орталығында мал азығына мұқтаж отбасылар көп екен. Бәрін қамтып үлгермей жатырмыз. Енді ертең жем таратып бастаймыз,-деді Руслан бізге телефон арқылы.

Жемді де жанашыр азаматтар ортақ қорға тегін ұсынып жатыр екен. Мысалы, «Ақторғай» жеке кәсіпкері Ақылбай Шәңгереев, «Жаныс» ШҚ басшысы Меңдібек Тілекқабылов, «Оразғали» ШҚ басшысы Қадырбек Аюпов, «Саят» шаруа қожалығының басшысы Нұржан Қапанов, жеке кәсіпкер Тимур Бегалиев әрқайсысы 20 қапшықтан жем ұсынған. Махамбет Беспаев («Мұрагер» ШҚ), Бауыржан Қапанов («Бек» ШҚ), Наурыз Құрмашев («Наурыз ШҚ), Әскербек Аюпов («Рауан» ЖК), Жамбыл Сүйінов («Сүйінов» ШҚ), Нұрбол Мусин («Ерош» ЖК), Нұрбол Оңғаров («Нұрбол» ЖК), та әрқайсысы 5-10 қапшық жемді тегін беріп жатыр. Саламат Серікұлы деген азамат 100 отбасының әрқайсысына 5 қапшықтан жем тарататынын жариялаған.

Жаңақаладағы жомарт жандардың жақсылық эстафетасы жалғасуда.

«Жігітке жомарттық жарасады» дейді қазақ. Осы орайда ел үшін туған ер екендерін көрсетіп, қиын кезде халқына қайырымдылық жасай білген азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Шарулары алға басып, кәсіптері өркендеп, дәулеттерінің артуына тілектеспіз.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, www.egemen.kz

 

 

Күләш УКИЕВА, зейнеткер:

— Жаңақала ауылының тұрғынымын. Зейнетақымыз малға азық алуға бірде жетсе, бірде жетпейді. Жақында жомарт азаматтардың қолдауымен аула-қорама 6 руллон шөп түсірілді. Бәрін де тегін берді. Расы керек, өз басым мұндай қайырымдылықты бұрын-соңды көрмедім. Жүрегі кең, мәрт азаматтарға іштей қатты риза болдым. Аналық жүрегімнен көпжасарлық шаруа қожалық жетекшілері Мусин Тілеген және Ербол Теміржанұлына, бастама көтерген Оразалиев Руслан балама шынайы алғысымды білдіремін. Отбасыларыңа амандық, дендеріңе саулық тілеймін. Қайда жүрсеңіздер де аман жүріңіздер. Алла тағала кәсіптеріңізге береке берсін.

 

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар